Ж.Қалдықараевқа 100 жыл

"Ер есімі - ел есінде".

Кеңес Одағының Батыры Ж.Қалдықараевқа -100 жыл.

Жеңіс күні қарсаңында маңғыстаулық Кеңес Одағының Батыры Жұмағали Қалдықараевтың 100 жылдығына орай Ақпан ата ұрпақтарымен бірге өткізуге жоспарланған шара болып өтті. 2017 жылы Ақпан ата ұрпақтары бір топ ел азаматтары, Батырдың туыстарымен бірге Белорусь елінің Мозырь қаласына сапар шегіп, Жұмағали жерленген жерге туған елдің топырағын сеуіп, ол жатқан жерден бір уыс топырақ әкеліп, Шопан ата қорымы маңынан кесене тұрғызып, тұрпатын салған еді. Кейін ол жерге бақилық болған ағайын-туыс ары жерленіп, "Жұмағали қорымы" аталып кетті. Биыл 100 жылдық мерейтойына батырдың басында митинг ұйымдастырылып, облыстан, Ақтөбе, Астана, Алматы т.б. қалалардан арнайы шақырылған қонақтар ұйымдастырушыларға жылы лебіздерін айтты. Шопан ата басында батыр рухына арнап ас беріліп, сонымен бірге ертеде марқұм болған Жылыс, Үмбет, Жақып және Байторы аталарға да арнап құран қатым етіліп, дұға бағышталды. Бірнеше жыл өлке майдангерлерінің, соның ішінде Жұмағали Қалдықараевтың ерліктерін насихаттап келе жатқан "Адай ата -Отпан тау" кешені қызметкерлеріне батырдың "Алтын жұлдызы" мен Ленин орденінің көшірмесін сыйға тартты. Астан кейін ас-шараға қатысушылар Жабай ұшқан тауы етегінде орналасқан ақпандардың ата қонысындағы ескі қорымына зиярат етіп, бабалар рухына арнап құран оқыды. Қорым маңайында қолдан қазып, таспен ескіше шегендеген бірнеше құдық 2-3 ғасыр бұрын бұл жерде ел болғанының куәсіндей. Жолай кешен қызметкерлері мен шараға қатысушылар "Ақпан су" аталатын ну қамыс өскен оазисті тамашалап, бабалар жатқан қасиетті қорымға қош айтып, ғибратты сапарды тәмамдады. 

Жәрияланған күні: 5 мамыр 2022Оқылған саны: 81




12