Амал мерекесі атап өтілді.

Биылғы Амал мерекесі әу баста түркі тілдес мемлекеттер өкілдерінің қатысуымен халықаралық деңгейде өтеді деп айтылған болатын. Дегенмен қоғам белсенділерінің сұрауымен, жергілікті биліктің шешімімен тағы да шектеулі жағдайда өтті. 13 наурыз күні Қарашаңырақ ғимаратында Бұзау ата ұрпақтарының ұйымдастыруымен, облыс әкімінің және бір топ қоғам және мемлекет қайраткерлерінің, Сегіз арыс ұйымдастыру өкілдерінің қатысуымен аталып өтті. Алғаш құттықтау сөзді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев алып, қазіргі қиын кезеңде халқымызға бірлік ауадай қажет екенін, Амал мерекесі де сол үшін қызмет ететінін сөзіне арқау етті. Кезегімен белгілі мемлекет қайраткері, философия және филология ғылымдарының докторы Өмірзақ Озғанбаев, облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, ақын Ғалым Әріп сөйлеп Амал мерекесінің тарихына, маңызына, халық пен қоғам үшін қажеттілігіне тоқталып өтті. Содан кейін қалыптасқан дәстүр бойынша қатысушылармен бірге Бұзау ата ұрпақтары Отпан тау басындағы Адай ата кесенесіне зиярат етіп, Ұран От тұғырында Бірлік отын лаулатты. 

14 наурыз күні кешен қызметкерлері жоспарға сай Амал мерекесіне орай салт-дәстүрімізге арналған шаралар өткізді. Шараға ҚР еңбегі сіңген қайраткер, ақын Сабыр Адай, қоғам белсендісі Әділхан Аманжол, кешен ардагері Данияр Аралбаев, облыстың бас имамы Әнуар Ізімбайұлы мен қари Ахлиддин Асқар қатысты. 

Шара келген қонақтар мен кешен қызметкерлерінің "Сәлем- сөздің атасы" дегендей Маңғыстау өңіріне сай көрісуден басталып, ерекшеліктері көрсетілді. Келесі шарада мекеме қызметкері Жомарт Айдарбек пайғамбар сүннетіне, ата салтына сай нәрестеге азан шақырып, ақын Сабыр Адай  ата-аналарының ұйғаруымен бөбектің атын Абдулазиз қойды. Бас имам Әнуар қажы бөбекке ата жолымен бата берді. Сонан соң нәрестені бесікке салып, қатысушылар мен қонақтарға Амалдың ақ дәмінен татырды. Дәстүрге сай ас қайырылып, Ахлиддин қари аталар рухына құран бағыштады.

Шараға ұйытқы болған Таушық ауылынан келген Төрәлиевтер  әулеті шараны ұйымдастырушы кешен ұжымына және қатысушыларға шексіз алғыс айтып, ата дәстүрімен тиісті тартуларын тартты. Шараға Алматы қаласынан Амалға арнайы келген бір топ журналист және археолог азаматтар да осы шараға тәнті болып, тамашалап, разылықтарын жеткізді. Көп жылдардан бері жаумаған амалдың ақша қары да жақсылықтың нышанындай себелеп тұрды. 

Жәрияланған күні: 14 наурыз 2022Оқылған саны: 52




3 ақпан 2022

Салбурын
icon
12