Салбурын

3 ақпан күні «Адай ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде құсбегілік пен саятшылыққа арналған дәстүрлі «Салбурын» этнографиялық шарасы болып өтті.

Шараның мақсаты: қазақтың бекзат өнері әрі ұлттық спорты құсбегілік пен саятшылықты, соған қатысты өнерпаздықты халық арасында насихаттау, оған жастар мен студенттердің, оқушылардың қызығушылығын арттыру, шараны жалпы жұртшылық қатысатын ұлттық мерекеге айналдыру.

Шараға Тұщыбек ауылы мен облыстың құсбегілері, құсбегілік пен саятшылыққа қызығушылар, блогерлер, журналистер, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Бектілеу Әділбек, облыстық ұлттық спорт түрлері орталығының басшысы Борбасов Қайрат пен орынбасары Сарқұл Аманкелді, Түпқараған аудандық ұлттық спорт түрлері орталығының басшысы Бөлтеков Әлекен, биолог, тәуелсіз эколог, «Табиғи орта» ассоциациясының өкілі Қозыбақ Әділбек және Тұщыбек ауылдарының тұрғындары қатысты.

Шара барысында шараны ұйымдастырушы Жомарт Айдарбек салбурын атауы, шараның тарихы, мақсатына тоқталып өтті. Құсбегілер Есжанов Ертіс, Тайманов Айшуақ пен шәкірттері қыран құстардың түрлері, олардың жастарына қарай атаулары, асырауы, баптауы т.б. туралы көрермендерге түсіндіре келіп, қыран құстарды (3 бүркіт, 2 ителгі, 2 қаршыға) қолға шақырып қондыру, шырғаға, аңға (қоян, кептер) түсу машықтарын көрсетіп, бабы мен шеберліктерін шараға келген әлеумет алдында паш етті. Биылғы шараға бейнеулік бүркітші Кемелханов Жаңабай бүркітімен келіп қатысты. Шараға арнайы келген өлкеміздің өрен өнерпаздары Әбубәкір Нұрниязов мен Өсиет Ақниязов көпшіліктің көңілін көтеріп, ән-жырмен шашу шашса, балалар жазушысы, сазгер, ақын, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Ерекен Қорабаев ағамыз жаз құсбегілерге аталық батасын беріп, ақ жол тіледі. 

Жәрияланған күні: 3 ақпан 2022Оқылған саны: 72




3 ақпан 2022

Салбурын
icon
12