Тарихы
2007 жылы «Адай» қорының бастауымен, алаш жұртшылығының қолдауымен Маңғыстаудың төрінен, Қаратаудың ең биік шоқысы Отпанда (532 м) Адай Ата кесенесі бой көтерді. Кесене және оның маңайындағы нысандар (Ақсақалдар ордасы, Көкбөрі ескеркіші, Ұран оты алаңы, Ана ескерткіші, Батырлар алаңы) құрылысы 2004 жылы басталып, 2007 жылы қазан айында аяқталды. Кешен құрылысы ел азаматтары мен кәсіпкерлерінің, көптеген ірілі-ұсақты компаниялар мен фирмалардың қаржылай көмегі нәтижесінде, ел ақсақалдары мен аяулы аналарының батасы арқасында, ел азаматтары мен парасатты перзенттерінің рухани көмегі, моральдық қолдауы нәтижесінде салынды. Кешен идеясының авторы– белгілі ақын, халықаралық Махамбет сыйлығының иегері, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР еңбегі сіңген қайраткері Сабыр Адай Шеркешбайұлы. Кесене жобасының авторлары – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, сәулетші, шебер Мақсұт Нұрқабаев, республикаға белгілі сәулетші-шебер Көпбол Демесінов, республикаға танымал мүсінші, суретші, шебер Көшер Байғазиев.
2007 жылдың 25 қазанда Адай ата рухына арналып үлкен ас беріліп, кесененің ашылу салтанаты өтті. Асқа 500-дей киіз үй тігіліп, еліміздің түкпір-түкпірінен, алыс-жақын шет елдерден 50 мыңға жуық адам қатысты. Сол жылы салынған кешен негізінде орталық құрылып, «Адай ата – Отпан тау» тарихи танымдық этно-мәдени орталығы деп аталды.
Кешен 2009 жылы мемлекет қарауына, Маңғыстау облысының мәдениет басқармасына беріліп, «Отпан» МКҚК құрылды. Кешен құрамындағы орталық нысандар Адай ата кесенесі, «Ақсарай» экспозициялық павильоны болып табылады. «Ақсарай» экспозициялық павильонының ауданы 1 020 шаршы метр. Павильон кіре беріс кіріспе залдан, орталық дөңгелек залдан және айнала орналасқан 7 бөлмеден тұрады. Сонымен қатар, кешеннің аумағында «Ана келбеті» стелласы, Көкбөрі ескерткіші, «Ұран оты» алаңы, Тутөбе, Қарашаңырақ және Бас қақпа орналасқан. «Ақсарай» мен Адай ата кесенесі арасын Маңғыстаудағы 362 әулиенің құрметіне салынған 362 баспалдақ жалғастырады.
Соңғы хабарлар
06 желтоқсан 2024
«САЛБУРЫН-2024»
08 қазан 2024
КЕШЕН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҰЛЫТАУҒА ІССАПАРҒА БАРЫП ҚАЙТТЫ.
20 қыркүйек 2024
Дәстүрлі шарада Жармыш ауылының өнерпаздары өнер көрсетті.