Этнография және өнер залы
Қазақ халқы – көшпелі ғаламның соңғы тұяғы. Оның көшпелі тұрмыс салтын тастаған күні кеше ғана, 20 ғасырдың 20-30 жылдары отырықшыланды. Бұл қазақ мәдениетінің негізі – көшпелі мұра, салт-дәстүрі, кәсібі, өнері, ауыз әдебиеті сияқты кешеннен тұрады деген сөз.
Маңғыстауға ғана тән жасалуымен, жабдықталуымен ерекшеленетін халқымыздың асыл мұраларының бірі – киіз үй. Көшпелі мал шаруашылы-ғымен айналысатын қазақ, қарақалпақ, қырғыз, түрікмен, өзбек, монғол т.б. халықтардың өте ерте заманнан пайдаланып келе жатқан ортақ мүлкі, баспанасы.
«Аспан астындағы мұражай» саналатын біздің өлкеде Қазақстан сәулет ескерткіштер қорының 60% орналасқан. Ал, зергерлік өнерлердің биік шыңы болып саналады. Түбекте тастан түйін түйген тас шеберлер; алтын, күмістен зер төккен зергерлер; темірді балшықша илеген ұсталар мектебі қалыптасқан. Олардың өз шеберлік әдісі, өз қолтаңбасы сақталған. Залда сәулет өнері, зергерлік өнер, құдықшылық кәсібі туралы әңгімеленеді.
1-витрина
Өлке жерінде күні бүгінге дейін сақталған тарихи архитектуралық ескерткіштер көптеп саналады. Оларды ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында елге кеңінен мәлім болған шеберлер салған. Олар Тоқтамыс Қаражүсіп, оның балалары Оңғалбай, Игібай, Дүйсенбай, Қарақұл, Өмірбай, Құлмамбеттер әке жолын қуған. Оларды халық "Қараның алтауы" деп атаған. Жаңай Қалмамбет тамшы-шебер, оның балалары Боранбай, Тұрақбай, Ізбасар, немересі Нұрнияз. Қырымқұл Қараның немерелері Өмір, Темір, шөберелері Назар, Базар. 18-ғасырдың соңы мен 19-ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген атақты тамшы Шалданбай, оның балалары Байжанақ, Ескелді, Тәжі, Есентемір, Дүтбай. Сақи тамшы оның балалары Қозыбақ, Ордабай, Дүйсенбай немерелері Шаншар, Мұқан, Ерғали сияқты өнерлі жандар бұл топырақта аз болмаған. Ата кәсібін жалғастырып, еліміздің түпкір түпкірінде әсем ескерткіштер жасаған бүгінгі шеберлерде жетерлік. Осы витринада Маңғыстауда шын шеберлік үлгісін танытатын өрнекті құлпытастар, қойтастар, күмбездер, сағана тамдар көптеп кездеседі.
Өрнекті құлпытастар қазақтар келгеннен кейін 18-ғасырда пайда бола бастайды. Олар жасалу жолына қарай бірнеше топқа бөлінеді. Қайрақтас іспеттес құлпытастар, жоғары жағы жұмырланған, оймышталған, қашалған құлпытастар. Құлпытастарда ою өрнектермен бірге адамның қайтқан жылы, аты- жөні, ру-тайпасы, шебердің есімі жазылады. Әдемі жинақы жасалған ескерткіштердің бір түрі – қойтас. Қойтас аталатын ескерткіштердің бірқатарында қабір үстіне сандықша төселіп, бетіне көлденең тақтатас жабылған, оның үстіне шағын пирамида іспеттес оймышты тастар қаланады.
Күмбездер. Қазақтың сәулет өнерінің ең таңдаулы үлгілері. Басқа халықтар сияқты қазақ халқында қайтыс болған жақындарын еске алып, ұстаздарының есте қалдыру үшін қабірінің басына өз заманының стилінде құлпытас пен күмбез көтеру сияқты тамаша дәстүрлер бар. Бұл витринада керемет сәулет өнерінің туындылары көрсетілген:
1. Белтұран
2. Қошқардың күмбезтамы
3. Жаңайұлы Әлінің күмбезтамы
4. Құсшы ата
5. Табынай Аққұлы ишанның қос күмбезді мешіт-медресесі
6. Ақүйіктегі Қаржау Бүркіттің қызы Тәжінің күмбезтамы (Өмір
Қараұлы мен Тоқтамыс Өмірбай салған)
7. Шоңай Омар-Тұр кесенесі
8. Сисем атадағы Қожаназар күмбезі
9. Ескелді Жұлдызбайдың күмбезтамы
10. Ескелді Базардың тамы көрсетілген.
2-витрина
Бұл жерде жергілікті сәулет өнері шеберлерінің суреттері және сол шеберлердің қолынан шыққан ескерткіштері көрсетілген.
1. Қырымқұл Әлмен Бердіұлы – тас шебері
2. Қырымқұл Назар Өмірұлы – тас шебері
3. Көпбол Демесінов – сәулетші шебер, Жәңгір хан кесенесі
4. Мақсұт Нұрқабаев – реставратор, Қашаған ақын кесенесі
5. Сайын Назарбеков – сәулетші, Домалақ ана кесенесі
6. Көшер Байғазиев – суретші, мүсінші,
7. Сали Оразбаев – құдықшы
3-витрина.
Бұл витринаға ер-тұрман, басқұр қойылған. Қазақ халқының атқа салт мініп жүруге қажетті жабдықтар жиынтығын ер-тұрман деп атайды. Ерлерге арналған ер-тұрман жеңіл, ықшам көбінесе мүйіз, сүйекпен жиектеледі. Ер-тұрманның негізгі бөлігі – ер. Ердің пошымы әр жерде әр түрлі болады, соған орай қос бас ер, үйрекбас ер, т.б. деп аталады. Бұл жердегі ер сүйекпен жиектелген.
Басқұр – керегелердің басын біріктіретін үлкен жалпақ бау.
4- витрина
Қазақ батырының дулығасы, сауыты, қылышы қойылған.
Фрагмент
Орталық фрагментте киіз үй көрсетілген. Көшпелілірдің негізгі баспанасы болған, көшіп қонуға ыңғайлы. Бұл бүкіл ғаламмен адам арасын байланыстырушы. Рухани мәдениет ретінде қарастырсақ, киіз үй баспана ғана емес, арғы әлеммен байланыстырушы, қаскөй рухтардан қорғайтын киелі орын. Бұл жерде киіз үйдің ішкі көрінісі және жабдықтары: шай сандық, кебеже,керме, жастық ағаш, төсеніштер, бау - шулар, сол жағында ер адамның киімдері, оң жағында төсек орындар көрсетілген. Сонымен бірге ортада ақ жаулықты анамызбен, тұрмыс құрмаған қыз баланың макеті орналасқан.
5- витрина
Қазақ сал сері жігітінің киім үлгісі көрсетілген. Көшпенді өркениеттің көрінісі болып табылатын сал серілер қазақтың дәстүрлді мәдениетінің бар мәйегін бойына сіңірген мәртебеге ие. Елден ерекше киімдерді әдейі тапсырыспен тіккізетін болған. Қазақтар құланның, акбөкеннің, жанаттың, бұлғынның, сусардың терілерінен ерекше қымбат бағалы тондар, жағалар жасайтын болған.
6- витрина
Қазақ әйелдерінің ұлттық нақыштағы киімі - көйлек, сәукеле, бешпент, кебіс, мәсі, кәжекей қойылған. Осы жердегі сәукелеге назар аударайық,өзіндік сән салтанатымен ерекшеленетін, тұрмысқа шығатын кездегі бас киімі. Ол биік етіп тігіледі. Қызыл жібектен қос етек көйлек киіп, сыртынан әрбір түйірі бөлек - бөлек теріліп моншақтап тігілген кәжекей мен бешпент киген.
7- витрина
Бұл витринада киіз үй шеберлері Бақыт Бозжігітовтің, Атабай Тәкеновтың суреттері және олар жасаған киіз үйлер көрсетілген. Сондай-ақ, Елбасы Н.Ә.Назарбаевпен түскен А.Тәкеновтың суреті қойылған. Киіз үй, қолөнер шеберлері: М. Орынбасарова, Роза Алиева, Тайжан Досанов пен Сұлухан Рзаеваның суреттері және оның Жапонияның Осако қаласындағы мемлекеттік этнология мұражайындағы киіз үйінің суреті бар. Сондай-ақ витринада Медина Орынбасароваға облыстық «Табыс-2004» көрме-жәрмеңкесінде берілген дипломның көшірмесі орын алған.
8-витрина
Маңғыстауда зергерлік өнер жақсы дамыған. Кезінде әрбір ауылдың өз шеберлері болған. Біреуі темір соқса, біреуі тас қашап, өрім өрген. Енді біреуі күмістен әшекей бұйымдар соққан. Жары Мұрын Сеңгірбекұлы, Құнанорыс Атанша, Ақбота Қадырбай, Жары Қонарбай сынды зергерлер он саусағынан өнер тамған, елге танымал шеберлер атанған. Сонымен бірге, бұл жерге зергер Сағидолла Оразовтың қолынан шыққан зергерлік бұйымдар: шашбау, шолпы, шекелік, ұршықбас, отау жүзіктерінің жаңғыртпалары мен түпнұсқаларының фотокөшірмелері қойылған.
Залға кіреберісте сол жағымызда саба тұр. Саба – қымыз, шұбат ашыту, іркіт пісу үшін пайдаланылатын, мал терісінен тігілетін ыдыс. Саба тігетін терінің шел майы мен көк етін қырып тазалап, ағынды суға байлап шаң-тозаңынан арылтады. Содан кейін терінің жүнін қырып тақырлайды да, қайыңның не аршаның, сондай-ақ тобылғының түтініне ұстап, ыстайды. Ыс әбден сіңген соң теріні су сеуіп жібітіп, өңін ішіне қаратып, сабаға лайықтал пішеді.Жүні түскеннен кейін, оны тазалап, әбден иі қанғанға дейін илеп, оған пирамида тәрізді форма беріп, мықты жіппен екі жағын жымдастыра тіккен.
Құрастырған: Нәрешева Маржан, Қанашқызы Гүлсамал.
Ақүйіктегі Қаржау Бүркіттің қызы Тәжінің күмбезтамын Өмір Қараұлы мен Тоқтамыс Өмірбай салған.
Өмір Қараұлы 1856 ж. Тұщыбекте туып, 1918 жылы қайтып, Тұщыбекте жерленген.
Өмірбай, Өмір менен шеберлерің
Таңғалтты ою-өрнек бедерлерің.
Жазы ыстық, күзі суық болса-дағы
Алаштан асып түсті өнерлерің,- деп жазылған тамда арабша жазу болған.
Соңғы хабарлар
06 желтоқсан 2024
«САЛБУРЫН-2024»
08 қазан 2024
КЕШЕН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҰЛЫТАУҒА ІССАПАРҒА БАРЫП ҚАЙТТЫ.
20 қыркүйек 2024
Дәстүрлі шарада Жармыш ауылының өнерпаздары өнер көрсетті.