Отпан тауда "Үлгілі келін" сайысы өтті

Үстіміздегі жылдың 10 наурыз күні кешенде Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Маңғыстау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен, Балықшы ата ұрпақтарының демеушілігімен "Адай ата - Отпан тау" тарихи-мәдени кешенінде "Үлгілі келін" атты келіндер сайысы өтті. Сайыстың мақсаты - қазақ келіндерінің бойындағы иба мен инабаттылықты, өнерпаздық пен шеберлікті, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне деген ұстанымын насихатттау. Сайысқа Адай атамыздың 8 арысынан тараған ауылдың келіндері қатысты. Сайыс 5 кезеңнен тұрды:

1. "Мен қазақтың келінімін" (келіндердің ұлттық киімдері мен тағынған бұйымдарының маңызын түсіндіру);

2. "Бармағынан бал тамған" (ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағамдарды дайындау және ол туралы толық мағлұмат беру;

3. "Ана көрген тон пішер" (жүн түтіп, шүйке жасап, ұршық иіруден жарысу және айналысатын қолөнері туралы айтып беру;

4. "Әлди бөпем" (бесік жырын айту);

5. "Халқын сүйген - салтын сүйер" (салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарға байланысты сұрақтарға жауап беру).

Сайысқа қатысушы келіндер әр кезеңде өздерінің ибалы әдебін сақтай отыра шеберліктерін, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрді жақсы білетіндігін, тіл үйірер өрметөс, үлпершек, жаужүрек сияқты ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамдарымен, бесіктегі сәбиін тербете отырып, айтқан әлдиімен көрермендерді баурап алды. Әрине, сайыс болған соң оның жеңімпазы мен жүлдесі кім-кімді де қызықтырары сөзсіз. Сайысқа мәдениеттің мамандары мен бірнеше келін ұстап, немере тәрбиелеп отырған ардақты енелерден құралған қазылар алқасы төрелік етті. Сайыс қорытындысы төмендегідей боп белгіленді: 1-орын - Мұңал ауылының келіні Нәбиева Феруза (жүлдесі мұздатқыш); 2-орын - Ақпан ауылының келіні Жұбатқанова Шынар (тігін машинасы); 3-орын - Құнанорыс ауылының келіні Рзабекова Әсемгүл мен Балықшы ауылының келіні Амандықова Айзада (бу үтігі); қалған қатысушылар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Құнанорыс ауылының ақсақалы сайысқа қатысқан ауыл келініне Алғыс хаты мен ақшалай сыйлығын тапсырды. Сайыс соңында демеуші Балықшы ата ұрпақтарының ақсақалы Төлемісов Матай ұйымдастырушы "Отпан" кәсіпорыны қызметкерлеріне болашақ ұрпақтарымызға ұлттық рухани азық боларлық игі бастамалары үшін алғысын айтып, жас келіндерге аталық ақ батасын берді.