«Мен Қалнияз деген күреңің!»

«Адай ата – Отпан тау» кешенінде қазақтың жауынгер ақыны, Адайдың жорық жыршысы Қалнияз Шопықұлының 200 жылдығына арналған «Мен Қалнияз деген күреңің!» атты әдеби-танымдық шара болып өтті. Шараға  Қалнияз атаның тікелей ұрпағы, белгілі шежіреші, Маңғыстау ақын-жырауларының мұраларын жинақтаушы Өмірзақ Қалбаевтың інісі Құлтан Тәуірбаев, Қалнияздың сүйегін Маңғыстауға әкелуге атсалысқан азамат Әби Қарабаев, Атақозы батыр ұрпағы Жұмабай Әсемұлы, аталас ағайыны Еламан Дарханбайұлы, Республикалық «Қосай ата» қорының төрағасы Сағидолла Төленов, «Маңғыстау облыстық ауған соғысы ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қартбек Дүйсенбаев және Жыңғылды селосының Сәду Нұрниязұлы атындағы мектеп-интернаттың ұстаздары мен оқушылары қатысты.

Қатысушылар әуелі «Бата төбе» басындағы  Қалнияз ақынның бейітіне зиярат етіп, басына құран оқып, дұға бағыштады. Одан шыққан соң «Отпан» МКҚК ұйымдастырған бұл шара кешендегі «Қарашаңырақта» жалғасты. Шараны мекеме ардагері, «ҚР мәдениет саласының үздігі» Данияр Аралбаев Қалнияз ақынның өміріне арналған «Қалнияз Шопықұлы және оны Отпан тауға қоюдың идеялық маңызы» атты баяндамасымен ашты. Содан соң кезегімен келген қонақтардан Қалнияз атаның тікелей ұрпағы Құлтан Тәуірбаев, «Маңғыстау облыстық ауған соғысы ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қартбек Дүйсенбаев сөз алды. Көп жылдар Маңғыстау ауданының мәдениет саласында автоклуб меңгерушісі болып істеген, мәдениет майданының майталманы, Шайыр ауылының тұрғыны Тәжиев Қарамырза Қалнияздың «Биік қылып сөйлейін» толғауын асқақтата толғаса, Жыңғылды ауылы мәдениет үйінің қызметкері Бектұров Ниязтұрлы Қалнияздың «Тойбастарын» шалқыта шырқады.

Адайдың жорық жыршысы, қазақтың жауынгер ақыны Қалнияз Шопықұлы 1816 жылы Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданының Сам құмында дүниеге келген. Әкесі Шопық Доспамбетұлы жас кезінде Еділ, Жайық өзендері арасындағы Нарын құмын мекендеген. Кейін Маңғыстауға беттеп, Қарақұм, Үстірт жерінде байлардың малшысы болады. Өмірі жалшылықпен өткен Шопықтың Қалнияз, Көлнияз, Ернияз, Қапа, Рақа, Тілеубай атты 6 баласының үлкені Қалнияз қаршадайынан бай малын бағып, өмірдің тауқыметі мен қиындығын ерте татып, ерте ержетіп, қайралып өседі. Ер жетіп, атқа қонған соң қоржынының бір басына сұқпалы домбырасын, екінші басына жебелерді толтырып салып, асынып жүретін болған.

Оған жаратқан Алла небір жақсы қасиеттерді үйіп берген: ол ақпа-төкпе ақын болумен қатар, жыршы, әнші және күйші де болған. Қалнияз осылай заманында сегіз қырлы, бір сырлы тұлға аталған.  Қалнияз Шопықұлы ерлік толғауларымен қатар «Балуанияз», «Ер Қармыс» атты дастандар шығарған.  «Ер Қармыс» жырында :

- Қармыс сынды ер қайда?

Айдын-айдын көл қайда?

Жағалай қонар ел қайда?

Маңғыстаудай жер қайда?

Алпыс басты ақ орда,

Айбарақты көрсетіп,

Төске тігер күн қайда ?

Алтын сандық, алпыс тең

Төрге жинар күн қайда?..

Алтын шашбау тағынып,

Құлпырып шығар күн қайда?

Қатар да қатар қара нар

Қатар тіркер күн қайда?

Қалы кілем жаптырып

  Ырғала көшер күн қайда?..- деп Қармыстың ерлігін суреттей отыра бұрынғы баба дәуренді аңсап, Доспамбетше толғайды.

Сонымен қатар шаршы топта қарсыласқа дес бермес, есе жібермес азулы айтыс ақыны да болған.  Бізге жеткен Кете Тәжібаймен, Жаскілеңмен айтыстары, Хиуа ханының тұтқынына түсіп, алдына барғанда сөйлеген сөздері ақынның сөзден дауыл да тұрғызар, кесте де тоқи алар құдіретін көрсетеді. Ол «Байұлыға белгілі, ұстазым – Тіней Өгізбай» деп Өгізбайды ұстаз тұтып өткен.

Ресей империясы үкіметінің 1868 жылғы «Уақытша ережесіне» наразылық білдіріп, қарсылық көрсеткен Маңғыстау қазақтарының Иса, Досан батырлар бастаған көтерілісі Ресей тарапынан аяусыз басылғаннан кейін біраз ауыл Хорезм өңіріне ауа көшеді. Бұл мекенде де көп тұрақтамай, 1870 – 1885 жылдар аралығында бірқатар Адай, Табын ауылдарын бастап тәжік жеріне өтіп, одан көшіп Ауғанстанның Гөрібағлан деген жеріне тоқтайды. Бірақ жергілікті ауған әкімдерінің талауына көне алмай Есембет Балжігіт, Жанжігіт және Бәли Марқабай батырлардың ұрыса көшуімен сол ауылдардың бірқатары қайта тәжік жеріне көшеді. Бұқар әміріне қарасты бұл аймақты қоныс ету үшін Байбақты Нұрмағамбет пен Қырықмылтық Жарған қажылар-дың қызмет етуі арқасында, бұрын елсіз жатқан жерлерді мекен етеді.

Ақын қартайған шағында өлең-толғаулар шығарып, жорықтарға бірге аттанған батырларды сағына еске алып, ата қоныс, туған жерін аңсап, елден шалғай жүргеніне налиды. Қолайлы қоныста отырса да елді аңсап, ата мекенге оралу ниетімен бірқатар ауылмен бірге Душанбе, Гиссар бетке көшеді. Бірақ ол мақсатына жете алмай, Қалнияз 1902 жылы 86 жасында Гиссар қыстағында сол жерді мекендеген қазақтар арасында дүниеден өтіп, сонда жерленеді. 2015 жылы Алланың қалауымен, Маңғыстау халқының сұрауымен, артынан өнген ұрпақтары ата мекеніне әкеліп, ақынның киелі сүйегі өзі аңсап, жырлап өткен Маңғыстауына әкелініп, кәрі Отпан тау етегіне,  «Адай ата – Отпан тау» кешені маңайынан мәңгілік мекен тапты. 

«Отпан» МКҚК мен Жыңғылды селосы Сәду Нұрниязұлы атындағы мектеп-интернаттың өнерлі оқушылары қатысуымен дайындалған, Қалнияз ақынның жырларынан құрылған әдеби-көркем көрініс қатысушылар назарына ұсынылды. Өскелең ұрпақтың өлең мен жырға деген құмарлығы мен орындауға деген ұмтылысы тыңдаушыларды ризалық сезімге бөледі. Әсіресе Қалнияз ақын бейнесін сомдаған Хожабаев Жәмшидтің өлең оқу мәнері көпшілікке ерекше ұнады.

Шара соңында Республикалық «Қосай ата» қорының төрағасы Сағидолла Төленов сөз сұрап, мекеме құрылғаннан бері табан аудармай қызмет етіп келе жатқан еңбегі үшін Дәуітов Бөкенбайға «Қосай ата» меделін тапсырды. Қатысушыларға биыл ғана «Сардар» баспасынан шыққан «Қалнияз едім күнінде» атты Қалнияз ақынның жырлар жинағы тарту етілді. Шараға 41 адам қатысып, 2 экскурсия өткізілді.

Жәрияланған күні: 0 Жәрияланған уақыты: 23:38  Оқылған саны: 15361




24 мамыр 2013

«Менің Қазақстаным»
icon

24 мамыр күні облыстық, және Маңғыстау аудандық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің қызметкерлері, әскер қатарындағы сарбаздар, әскер қатарына шақырылған жастар және олардың ата-аналары, 11 сынып оқушылары, еңбек ардагерлері, облыстық, аудандық БАҚ өкілдері қатысуымен ұйымдастырылған «Менің Қазақстаным» атты әскери-патриоттық шараға арналған жиын Ақсарай үстіндегі алаңда өтті. ҚР көк туы көтеріліп, Гимні орындалды «Отпан» кәсіпорны директоры міндетін

Жәрияланған уақыты: 12:17  

18 наурыз 2013

«Наурыз шашуы»
icon

18 наурызда Жыңғылды елді мекенінің «Сәду Нұрниязұлы атындағы мектеп-интернаттың» оқушыларына арнап,«Наурыз шашуы» атты этнографиялық шара өткізілді.Тек Евразия құрлығына емес бүкіл әлемге танылған Наурыз мейрамы туралы түсінік беріліп, этнографиялық көріністер көрсетіліп, оқушылар арасында сайыстар мен ойындар өткізілді.

Жеңімпаз-дарға бағалы сыйлықтар берілді. Оқушылар «Адай Ата – Отпан тау» тарихи танымдық этно-мәдени орталығының

Жәрияланған уақыты: 12:34  

5 наурыз 2013

«Аналар – ошақ бақыты»
icon

Халықаралық әйелдер күніне арналған «Аналар – ошақ бақыты» атты мәдени шара өткізілді. Шараға Жыңғылды ауылынан халық емшісі, көп балалы ана М. Ержанова, «Алтын алқа» иегері зейнеткер мұғалім  Ә. Бекмағұлова, көп балалы ана, медицина саласының зейнеткері М. Қамешқызы; Тұщыбек ауылынан денсаулық сақтау саласының зейнеткері Б. Кәдірбаева, «Алтын алқа» иегері  Н. Дауырбаева, «Күміс алқа» иегері Қ.Тайжановалар қатысты. 

Аналарға арнап

Жәрияланған уақыты: 22:20  

8 сәуір 2010

«Бабалар рухы, ұлттық тәрбие және имандылық»
icon

Отпан» кәсіпорнының «Бабалар рухы, ұлттық тәрбие және имандылық» атты үгіт-насихат тобы бекітілген кестеге сәйкес сәуір айының 6-8 жұлдызы аралағында іссапармен Түпқараған ауданына барып қайтты.

Үгіт-насихат тобы Ақшұқыр кентіндегі М.Абдықалықов, Сайын Шапағатов елді мекеніндегі орта мектеп, Қызылөзен ауылындағы З.Баймұрзаев, Форт-Шевченко қаласындағы Е.Өмірбаев және Баутино кентіндегі

Жәрияланған уақыты: 14:40